KazGASA 45 жылдығын атап өтті
2026 жылғы 14 сәуірде Almaty Theatre сахнасында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (KazGASA) 45 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой мемлекеттік сектор өкілдерін, халықаралық серіктестерді, түлектер мен кәсіби қоғамдастық мүшелерін бір арнаға тоғыстырды.
Мерейтойлық бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен KazGASA Қамқоршылар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Кеңестің құрамы жаңартылып, мүшелерінің саны он адамға дейін ұлғайтылды. Кеңес құрамына мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев кіріп, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін бұл қызметті Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Элитстрой групп» директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Сарманов атқарған болатын. Ол Кеңес құрамындағы жұмысын жалғастырады.
Бағдарлама ресми және мәдени бөлімдерді біріктірген мерекелік концертпен жалғасты. Құттықтау сөздерін IEC Байқау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов, KazGASA Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ АҚШ-тың Бас консулы Michelle Yerkin сөйледі.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академия өкілдеріне ведомстволық наградалар табыстады. Айғазы Құсайынов «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды. Гүлназ Ибраимбаева мен Бану Ажғалиева «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.
Академик Әмірлан Құсайынов атындағы білім беру қорының іске қосылуы жеке маңызды оқиға болды. Қор студенттер мен жас зерттеушілерді қолдауға және саланың кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Кеш бағдарламасында марапаттау рәсімі өтіп, кәсіби және академиялық қоғамдастық өкілдеріне құрметті профессор атағы берілді. Олардың қатарында Айдар Татығұлов, Ерік Бесімбаев, Игнасио Менендес және Александр Белович бар. Қонақтарға академия түлектерінің тарихы мен оқу орнының дамуына арналған мерейтойлық фильм көрсетілді.
Мәдени бөлім шығармашылық қойылымдармен және қазақстандық әртіс Айқын Төлепбергеннің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен өрнектеліп, KazGASA әнұранының орындалуымен аяқталды.
Мерейтойдың өткізілуі академия дамуының маңызды кезеңіне айналып, алдағы басым бағыттарды айқындады: тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.